ҚР ҰБ курстары, 28.03.2024
RUB 4.86 (0.00)
EUR 486.94 (-1.57)
USD 449.58 (-0.49)

Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті

Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің миссиясы – жоғары білікті маман - жалпы елге және аймаққа қажетті жаңа тұрпатты мұғалім дайындау. Университет мемлекеттің білім беру саласындағы стратегиялық мақсаттарына сәйкес білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды басты мақсат тұтады.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті 2012 жылы білім беру сапасын қамтамасыздандыру жөніндегі Тәуелсіз Қазақстандық Агенттігінде аккредитацияны табысты өтті және 2012 жылғы 27-желтоқсандағы шешімімен институционалдық аккредитациясы туралы куәлік алды.

2010 жылғы 17-қыркүйекте университетіміз қазақстандық 30 оқу орнының қатарында Болоньяда Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Осы арқылы университет өзінің Болон үдерісінің негізгі ұстанымдары: академиялық ұтқырлықты, ЖОО дербестігін, академиялық еркіндікті, білім мен ғылым интеграциясын және т.б. қолдайтындығын танытты.

Университетте жүргізілетін зерттеулердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықаралық деңгейдегі ғылыми тенденцияларға сәйкестендіру мақсатында ТарМПУ алыс және жақын шет елдердің 28 университеті мен зерттеу орталықтарымен әріптестік байланыс орнатып, жоғары білікті мамандарымен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Олардың қатарында Адам Мицкевич атындағы университет, Вроцлав және Зеленогурск университеттері (Польша), Злин университеті (Чехия), Ақсарай университеті (Түркия), Еркін Берлин университетінің Түркология институты (Германия), Сегед университеті (Венгрия), Бериа колледжі (АҚШ), Әулие Климент Охридский атындағы София университеті (Болгария), Зволендегі технологиялық университет (Словакия), Хобд мемлекеттік университеті (Монғолия), Санкт-Петербург мемлекеттік психология және әлеуметтік жұмыстар институты, Ульяновск мемлекеттік университеті, Кузбасс мемлекеттік педагогикалық академиясы (Ресей) бар.

Академиялық еркіндікті дамыту бағытында білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұны таңдау пәндерімен толықтырылып отырады. Тілдерді меңгеруге, электронды оқытуға, инклюзивті білім беруге және 12 жылдық мектепке арналған маман даярлауға баса мән берілетін жаңа элективті пәндер оқу үдерісіне кеңінен енгізілуде.

Бүгінгі таңда ТарМПУ – студенттерінің оқу үдерісін, тұрмыс-тіршілігі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру жағдайында инфрақұрылымы дамыған жоғары оқу орны. Заманауи зертханалармен, лингафонды кабинеттермен, компьютерлік және интернет дәрісханаларымен, интерактивті тақтамен, электронды оқу залдарымен жабдықталған 8 оқу ғимаратында 29 бакалавриат  мамандығы бойынша 7 мыңға жуық студент білім алады.

Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті өзінің 50 жылдық мерейтойын тойлай отырып, заман талабымен үндескен кемел мақсаттар мен міндеттерді көздейді: өмірлік жетістіктерге қол жеткізуге және ҚР Президентінің бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған белсенді, бәсекеге қабілетті креативті мамандар даярлайтын инновациялық жоғары орнына айналу.

Байланыстар: 

080000,   Тараз қ.,  Төле би көшесі, 62

Электрондық пошта: targpi@mail.ru

Кеңсе: 8 (7262) 432637

Кеңсенің  факсі:8 (7262) 432637