ҚР ҰБ курстары, 20.04.2024
RUB 4.79 (+0.03)
EUR 475.38 (-2.17)
USD 446.49 (-0.91)

Критериалды бағалаудың негізгі пайдасы

Критериалды бағалаудың негізгі пайдасы – оқушылар бағаның соңына түспей, оқу мақсатына қол жеткізуге, білім алуға, бірдеңені игеруге ұмтылады (https://yvision.kz/post/777584). Сонымен қатар, жаңа жүйе бағалау процесі ашық әрі объективті болуы үшін де қабылданғанын айта кеткен жөн. Бұл туралы осы әдістеме авторларының бірі, педагогика ғылымдарының кандидаты, “Назарбаев зияткерлік мектептері” (НЗМ) автономды білім беру ұйымы Педагогикалық өлшем орталығының директоры Айдана Шилибекова айтып берген болатын. Жаңа жүйе осы орталықта жасалып, 6 жыл сынақтан өткізілген (https://yvision.kz/post/776884). 

Естеріңізге сала кетейік, бағалаудың бұл үлгісі кезең-кезеңімен 2015 жылы басталған: 2016-2017 жылдары жаңартылған мазмұн бойынша 30 пилоттық мектептегі 1-сынып оқушылары оқыды. Ал 2019-2020 жылдарға қарай еліміздің барлық мектептеріндегі 1-12 сынып оқушыларын осы жаңа жүйеге көшіру жоспарланған. 

Бүгін жүйені тікелей пайдаланушылардың пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік. Елена Юмашева – Қарағанды қаласындағы №3 гимназия коммуналды мемлекеттік мекемесінде бастауыш сынып мұғалімі. 42 жылдық тәжірибесі бар ұстаз оқушылардың жетістігін бағалау тәжірибесі туралы айтып берді. 

С.: Критериалды бағалау оқушыларға не береді? 

Е.: Бағалаудың екі түрі бар:
- қалыптастырушы бағалау: жыл бойы оқушының үлгеріміне қатысты комментарий беріп, кеңес айтамыз, оқушы тараудың немесе тоқсанның соңына дейін үлгермей жатқан тұсын жетілдіруі керек, бірақ баға қоймаймыз;
- жиынтық бағалау: әр тараудың және тоқсанның соңында қорытынды жұмысқа балл қойылады; оқу жылының аяғында ол балды бес балдық жүйе бойынша бағаға айналдырамыз. 

Қалыптастырушы бағалауға оқушылардың өздері де қатысады: өздерін бағалайды және сыныптастарын бағалайды. Әрине, бала болғаннан кейін үнемі объективті бола бермеуі мүмкін, дегенмен, солай бағалауға үйренеді. Критериалды бағалау оқу процесін де қызықты ете түседі. Мұндайда баланың сөйлеу қабілеті ашылады, зейіні шоғырланады, тыңдай білетін болады, сөзіне және әрекетіне жауап беруге үйренеді, ой қорытады, сыныптастарының пікіріне келісіп немесе қарсы шыға алады. 

Әр бала тапсырманы дұрыс орындағысы келеді, бірақ бұл олардың қолынан әрдайым келе бермейді. Мұндайда топтық, жеке және жұптық жұмыс көмектеседі. Бастауыш сыныпта балалардың оқуға деген ынтасын ояту үшін түрлі тәсілге жүгінуге тура келеді, баланың кішкентай ғана табысының өзі назардан тыс қалмауы керек. Жетістікті бағалау үшін смайликтер, қол шапалақтау, достардың бағалауы, балл, “Менің жетістіктерім” құрмет тақтасы, көрмелер, конференцияларға, конкурстар мен олимпиадаларға қатысу (мектепішіліктен бастап, республикалық және халықаралық деңгейге дейін) керек. 

Жағымды жағы: тарау біткен кезде “екі балл” алған балалар жақсы баға алудан үмітін үзбей, тоқсан соңына дейін үлгерімін жақсартуға, келесіде жоғары балл алуға тырысады. “Екі балл” деген бұл жағдайда аса қатал үкім емес (“2” деген бағамен салыстырғанда). 

С.: Оқушылар мен ата-аналар бағалаудың жаңа жүйесін қалай қабылдады? 

Е.: Балаларға критериалды бағалау ұнайды. Ата-аналармен бастапқыда біраз қиналдық: ескі жүйеге үйреніп қалғандықтан, балаларынан үнемі сабақта алған бағасын сұрап жүрді. 

Ата-аналарды ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамыз. Мұндайда күнделіктегі жазбалар көмектеседі: бастауыш сынып оқушылары смайликтер мен жұлдызшалар алады, мұғалім баланың күнделігіне кеңес, комментарий жазады, балаға сыныптастары ауызша тапсырманы орындау барысында қойған балды да енгізеді. 

Ата-аналар да дұрыс түсінуі керек, балалар тарауды немесе тақырыпты дұрыс түсіне алмай жатса, тарау соңында немесе тоқсан аяқталған кездегі қорытынды жұмыста бұл қателігін түзей алады. Өзінің деңгейін көрген және оны жақсарту бойынша кеңес алған оқушы ата-анасынан, сыныптастарынан немесе мұғалімінен көмек сұрай алады. 

С.: Оқушыларыңызды қалай бағалайсыз? Өз тәжірибеңізден мысал келтіріңізші. 

Е.: Параллель сыныптың мұғалімі Ольга Каунева екеуміз барлық негізгі пәндер бойынша бірінші сыныпқа арналған қалыптастырушы тапсырмалардың дәптерін жасап алдық. Екінші сыныптар үшін қалыптастырушы және жиынтық тапсырмалардың қосымша нұсқасын жасадық. Алғашқысы жұмыс дәптерінде, ал екіншісі бақылау жұмысы дәптерінде. 

Қалыптастырушы тапсырма – оқушының күнделікті сабақта немесе үйде жасайтын жұмысы, оның қорытындысы бойынша балл қойып, комментарий береміз. Ауызша пәндерден ауызша ұсыныс айтамыз. Қажет болған жағдайда баланың жетістігін, не нәрсеге назар аудару керектігін жазбаша да жазып береміз. Ескі бағдарлама бойынша тек баға қоятынбыз, комментарий жазу міндетті емес болатын. Материалдың күрделі болуына орай сыныпта балалардың бәрімен бірдей кері байланыс бола бермейді, сондықтан үй тапсырмасы арқылы байланысамыз. 

Жиынтық бағалауды сыныпта тарауды аяқтағаннан кейін жасаймыз. Мұғалім әр тапсырманы қалай орындау керектігін түсіндіріп, бағалауға қойылатын талаптармен (дескрипторлармен) таныстырады. Ол арнайы кестеде белгіленген балға сәйкес қойылады. Ең соңында әр жұмыс бойынша балл сомасы есептеледі. Оны мұғалім электронды журналға қояды. 

Тоқсан соңында электронды журналдағы барлық балл жинақталып, оның пайызы шығарылады да, сол бойынша тоқсандық және жылдық баға қойылады. Яғни, барлық операция электронды журналда жүреді. 

С.: Бағалаудың жаңа жүйесіне көшкеннен бері қарай қандай өзгерістер байқадыңыз? 

Е.: Диагностикалық тестілеу мен жаңа жүйені жетілдіруге еліміздің барлық мұғалімдері қатысуда. Сынақтан өткен алғашқы жылы балдың бағаға айналу шкаласында кемшіліктер болды, оқу бағдарламасын 51% ғана игерген баланың өзі “4” алып кеткен жағдайлар кездесті. Мектеп табалдырығын енді аттағандар үшін бейімделу кезеңі болғандықтан және оларға баға қойылмайтындықтан, шкала бұрынғы қалпынша қалған. Оларды бағалау үшін шкалаға өзгерістер енгізілді, бұл ретте мұғалімдердің ұсынысы ескерілді. 

Критериалды бағалау оқушылардың үлгеріміне оң әсер еткенін байқап жүрмін. Өз сыныбымда жақсы және өте жақсы оқитын балалар саны артты. Жаңа жүйе оқытудың және сабақ берудің түрлі тәсілдерін пайдалануға мүмкіндік береді. Тапсырманы орындау кезінде балалар қарапайым сурет салып, пікір айтудан бастап, берілген тақырыпқа орай материалдар жинау, сыныптастары алдында сөйлеу, газет жасау және жасаған дүниелерін таныстыру секілді кезеңдерден өтіп, оқу процесіне толыққанды кірігеді. Жаңа әдіс балаларға негізгі білім берумен шектелмей, сонымен қатар олардың ғылыми зерттеуге деген қызығушылығын арттырады. 

С.: Жаңа жүйемен қашаннан бастап жұмыс істей бастадыңыз? Егер әдістеме бойынша сұрақтар туындап жатса, қайда хабарласасыз? 

Е.: 2015 жылы біздің мектеп Қазақстандағы 30 пилоттық мектептің қатарына кірді. Сол кезден бастап бағалаудың жаңа жүйесімен жұмыс істей бастадым. Бұл әдістеме бойынша жұмыс істемес бұрын НЗМ Педагогикалық шеберлік орталығы мен “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығында кезең-кезеңімен оқыдық. Өзім 2015-2016 жылдары зияткерлік мектептің Педагогикалық шеберлік орталығында (Астана) оқыдым. 

Сауалдарым болып жатса, Педагогикалық шеберлік орталығындағы тренеріміз Гүлжан Ильясоваға хабарласамын. Немесе Білім беру бағдарламалары орталығы мен Педагогикалық өлшем орталығының аға менеджерлері Ботагөз Рахымжанова пен Сәуле Есімоваға хабарласамын. Әріптестеріме алғыстан басқа айтарым жоқ. Критериалды бағалауға қатысты сауалдарыма жауап беруге әрдайым уақыт табады. Жұмыс барысында қиындық туып жатса, кеңес беруден де аянып қалмайды. 

Келесі материалда Гаухар Жанболатованың пікірін оқи аласыздар. 12 жылдық еңбек өтілі бар педагог, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ химия пәнінің мұғалімі бір жыл бойы оқушыларын жаңа жүйе бойынша қалай бағалағанын айтып береді.