ҚР ҰБ курстары, 09.07.2020
RUB 5.75 (+0.08)
EUR 462.21 (+0.97)
USD 409.98 (+0.79)

Инклюзивті білім беру проблемалары

Мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға бірдей білім беру орталықтарына қарай бейімдеу 2002 жылдан басталды. Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқы рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медико-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңды қабылдады. Осы заң аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне мән берілген. Оларды білім беру, әлеуметтік, медициналық тұрғыда қамтамасыз ету қарастырылған. Ең бастысы, аталмыш заңда инклюзивті білім берудің негізгі принциптері айқындалды. 2000 жылдардың басында педагогтардың 80%-ы бұл жүйеге қарсы болса, 2007 жылы 49% ғана қолдамаған. Бүгінгі таңда бұл жүйені педагогтар қауымы толықтай қолдауда. Бұл инклюзивті білім берудің дамып келе жатқанын көрсетеді. Бірақ шешімін таппаған мәселелер көп. Солардың бірі – инклюзивті білім беру ұйымдарында жұмыс жасайтын педагогтарды дайындау.

Қазақстан 2008 жылы БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенциясына қол қойып, барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға міндеттенген. Осы мәселені талқылаған халықаралық конференциялар, түрлі семинарлар ұйымдастырылуда. Бас сарапшы «Қазақстан инклюзивті білім беруді дамытуға дайын» деп есептейді. Бірақ қажетті құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу керек. Мемлекетіміз алғашқы қадам жасай отырып, Мемлекетік білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасына бірінші рет инклюзивті білім беруді дамытуды қосқан болатын. Бірақ біздің елімізде жұмыс істеп тұрған арнайы мектептердің жүйесі сақталады. Себебі қаншама айтсақ та, барлық мүгедек балаларды бірден партаға отырғызып, оқытып алып кету мүмкін емес. Сондықтан бұл жүйені мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру кабинеттерін ашудан бастап, біртіндеп кеңейте түсу қолға алынуда.

Бүгінгі таңда іс-тәжірибе көрсетіп отырғандай, елімізге мүмкіндігі шектеулі балаларға білім берудің ұлттық бағдарламасы қажет.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы мекемелерде оқытылатындықтан, олар өзге балалардан бөлектенген. Бұл мекемелерде көбінесе медициналық әдістемелер қолданылады. Қазақстанда қазір оларда бір жағынан кемістік болғанымен, екінші жағынан олардың да дені сау екендігін түсіндіріп, оларды дені сау балалармен қатар, жалпы ортаға бейімдеу керек. Тек олардың сырқаты мен өзгешеліктерін ескере отырып, жай мектептің оқу бағдарламасына кіріктірген жөн. Ол үшін мемлекеттік деңгейде стратегиялық реформа жүргізу керек. Мемлекеттік деңгейде мектептерге және мектепке дейінгі ұйымдарға жаңа стандарттар енгізіліп, жүйе өзгертілгеннен соң ғана құрал-жабдықтар, ғимараттар да бейімделеді . 

Теректі ауданы Подстепный ауылында орналасқан «Бәйтерек» балалар бақшасында 2012 жылдан инклюзивті кабинет жұмыс жасауда. Бұл кабинетте психолог, логопед, дефектолог, сылаушы мамандары қызмет атқарады. Балабақшаға Ақсай қаласының «Аймақтық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» ММ жеке оңалту бағдарламасының қорытындысы негізінде түрлі диагноздармен 15 бүлдіршін жолданған болатын. Бұл бүлдіршіндердің 10-ы Подстепный елді мекенінен болса, 2 бүлдіршін Ақжайық ауылы, 2 бүлдіршін Жаңа өмір ауылы, 1 бүлдіршін Ақсуат ауылынан. 

Балабақшадағы инклюзивті білім беру кабинетінің түзеу-дамыту жұмыстары үш түрлі ұйымдастырылу нысанында жүргізіледі: 

Қысқа мерзімді топтарда балаларды оқыту аптасына 3 рет болатын 12 апталық бағдарламамен жүргізіледі. Баланың күнделікті топта болу ұзақтығы 4 сағат. Жеке және топтық сабақтардың ұзақтығы - 20 минутқа, ал ата-аналарға кеңес беру және топтық бағалаудың ұзақтығы 45 минутқа созылады. Топтар бір немесе әртүрлі жас принципі бойынша психологиялық дамуының ауытқу дәрежесінің ауырлығына және типіне қарамастан жинақталған. Жартыжылдық түзеу-дамыту курсының нәтижесінде әлеуметтік-медициналық және психологиялық-педагогикалық мамандар 4 бүлдіршінді мектептің даярлық тобына жолдады. Мұның өзі мамандар үшін де, бүлдіршіндер үшін де үлкен жетістік. 

Инклюзивті оқыту – барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеретін, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісінің дамуы болып саналады.

Сөз соңында айтарым, біздің қоғамымызға инклюзивті білім беру жүйесі қажет. Сондықтан да инклюзивті оқыту арқылы бала бойындағы қабілетті дер кезінде байқауға, ақыл-ойын дамыта отырып, дарындылығын ұштауға болады. Бұндай мүмкіндікке қол жеткізе білсек, бала болашағына жол ашқанымыз деп білемін.