ҚР ҰБ курстары, 23.11.2024
RUB 4.85 (-0.06)
EUR 519.72 (-0.93)
USD 498.34 (+3.47)

Сабақтан қалған оқушылардың ата-анасы жазаға тартылатын болды

Сабақтан қалған балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы полиция қызметкерлерінің қатысуымен өткен ата-аналардың дәстүрлі жиналысында айтылды, деп хабарлайды BNews.kz.

«Бұзақылықтың көбі ата-аналардың құқықтық сауатсыздығы салдарынан болып жатады. Алайда заңды білмесең, ол сені жауапкершіліктен құтқармайды. Сол үшін ата-аналар жиналысына қатыса бастадық. Ата-аналарды бала тәрбиесіне қатысты заң ережелерімен таныстыруды көздейміз.  №16 мектептегі соңғы жиында ата-аналар белсенділік танытып, көкейде жүрген біраз сауалын жолдады. Бізді бұл қуанатып отыр. Осындай шаралардың арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады»,- деді Алматы қаласы ІІД жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ләйлә Әліпбаева.

Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, ата-ана бақылауынан тыс қалған және бос уақыты көп балалар жиі бұзақылық жасайды

«Ата-ананың басты міндеті – балаға дұрыс тәрбие беру. Жалпыға ортақ білім алу да осы міндеттің ішіне кіреді. Алайда, өкінішке қарай, ата-аналардың немқұрайлығынан сабаққа бармайтын балалар аз емес. Ішімдікке салынған немесе басқа да зиянды әрекеттерге әдеттенген отбасыларды ерекше бақылауда ұстаймыз. Біздің қызметкерлеріміз сондай отбасылардан шыққан балаларды өздері жетектеп жүріп сабаққа алып барады. Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасының 127-бабына сәйкес балалар тәрбиесі міндетін орындамайтын ата-аналар әкімшілік жауапқа тартылады»,- деді подполковник Әліпбаева.