«Ас – адамның арқауы». Дұрыс тамақтану денсаулық кепілі болса, бұрыс тамақтану өміріңе қауіп те төндіруі ғажап емес . Әсіресе , кішкен тай балалардың дұрыс тамақтанып, тоқ жүруі болашағының бастамасы. Бүгінде басты мәселелердің біріне айн алып отырған мектеп асханаларынд ағы кем шілік әлі де жөнделмей келеді.
Баға мен сапа
Былтыр ақпан айында үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мектептерде тегін тамақтандыруды тоқтату туралы өз пікірін айтқан еді: «Мемлекет мектепте тегін білім алуды, мұғалімдер мен оқулықтарды тегін қамтамасыз етіп отыр. Ата-аналар мектептегі балаларына айран мен тоқашты өздері әперуі тиіс», – деді. Елбасының бұл үндеуінен кейін ел үкіметі биылғы оқу жылынан бастап бірнеше облыста мектептердегі тегін тамақтандыру тоқтатылған болатын. Бүгінгі таңда біздің тұрғындардың да басты мәселесіне айналған тамақ қымбаттығы ата-аналар қалтасын қағып жатыр. Кейбір үйде 2-3 оқушы бастауыш сыныпта оқиды. Олардың ата-анасы күніне мың теңгедей жұмсайтыны анық. Себебі, қазіргі кезде мектеп асханаларындағы орташа баға 280 теңгені құрап тұр. Айына қанша кететінін есептей беріңіз. Ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын әр баласының ас-суы үшін күнделікті кем дегенде 300 теңгеден берулері қажет екенін айтады. «Биыл балам үшінші сыныпқа өтті. Алдыңғы жылдары тегін тамақтанып келіп едік, енді биылдан бастап күнделікті 300 теңгеден беретін болып келісіп қайттық мектептен», – дейді Қуаныш есімді тұрғын. Күзетші болып жұмыс істейтін Қуаныштың мектепте екі баласы оқиды. «Балаларымның тамағына айына 14400 теңге төлеймін. Бұл мен үшін қомақты сома. Бірақ бермеске амал жоқ», – дейді ол. Ал, Айнұр есімді тұрғын ақша үнемдеу үшін басқа амалға көшкен. Ол екінші және үшінші сыныпта оқитын балаларын мейлінше үйден тойдырып жіберіп, қажет болып жатса, күнделікті 100 теңгеден беретінін айтады. Алайда, кей ата-ана баланы тамақтан айырып, үнемдеудің соңы оның денсаулығына кері әсер ететінін де айтып қалды. «Статистика бойынша, бірінші сыныпқа барған он баланың біреуінің ғана денсаулығында ақау болса, 11-сыныпты бітіргенде он баланың біреуі ғана сау болып шығады. Сондықтан, бұл үнемдеу болашақта ауруға соқтырады», – дейді медицина саласының маманы Гүлмира есімді тұрғын. Ал, астың сапасы ше? Кей мектептерде бағасына сай емес тамақтар балалардың денсаулығына кері әсер етері сөзсіз. Осыған орай қаламыздағы №4 орта мектептің асханасында даулы мәселе туындап, бастауыш сыныпта оқитын баланың анасы интернет желісіне өз пікірін жазған еді. Осыған орай, асхана жақында ғана арнайы тексерістен өтті. Азаматтардың құқығын қорғау орталығы әдейі тексерген мектеп асханасының тағамдары расымен де көңіл көншітерлік болмай шықты. Кешеден қалған ас, дәмсіз тағамдар жасайтын аспаздар ескерту алып, алдағы екі ай ішінде ас сапасын жақсартуға уәде берді. Бұл тек бір мектептегі жағдай. Белгіленген тәртіп бойынша ас мәзірі, құрамы, тазалығы арнайы тексерістен өткізіліп тұрады. Жылына екі рет тексеруден өтетін мектеп асханаларының тамақтары әлі күнге дейін ретке келмегені басшылардың жауапкершіліксіздігі ме, әлде, ата-ананың баласының не жеп, не ішкенінен хабарсыз болулары ма? Айта кету керек, қаламыздағы мектеп асханаларындағы ыстық тамақ бағасы 250-280 теңге аралығында. Ал, аспаздар болса, бұл бағаны қолжетімді деп санайтынын атап өтті. – Мен асханада жұмыс істегеніме 8 жылдай уақыт болды. Осы жылдар аралығында баға да біршама өсті. Дегенмен, бүгінгі таңдағы қымбатшылықта 280 теңге деген қолжетімді баға. Азық-түліктің өзіне ақша көптеп кетіп қалады. Оның үстіне біз тағамға қосылатын заттарын күнделікті сатып алып отырамыз. Бұл бағадан төмен баға болса, еңбек ақталмай қалады деп ойлаймын. Біз де бала-шаға асырау үшін таңертеңнен кешке дейін еңбек етіп жүрміз, – деген аспазшы Айман жасалатын тамақтың барынша таза әрі күнделікті дайындалатынын айтты.
Жоспарлы тексеру жүргізілмек
Қала мектептеріне жоспарлы тексерулер қазан айынан бастап тағы басталады. Арнайы тендерді жеңіп, шаруасын домалатып отырған кәсіпкерлер тамақ құрамына, тазалыққа аса мән бергендері жөн. Министрлер мемлекеттік сатып алу-сату заңдарына өзгерістер енгізіліп, енді мектептегі тамақтану жүйесінде сапаға баса мән берілетінін айтқан болатын. Бұған дейін мектептегі тамақтандыру мемлекеттік сатып алу-сату әдісімен жүзеге асырылып келген еді. Мәселен, бұрын кім төмен баға ұсынса, тендердің жеңімпазы сол атанатын. Енді ол әдіс жойылып, мектеп-интернат кешендерінен басқа жалпы білім беретін мектептердегі бір реттік тамақтандыруды ұйымдастыру 2014 жылдан бастап конкурстық негізге ауысқан.
Бұған дейін де мектептердегі тамақтануға қатысты түйткілдердің бар екендігін мойындаған ҚР Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы тамақтану жүйесіне тағы да біраз өзгерістер енгізді. Жаңа ережелерге сәйкес, басымдық азық-түліктің сапасына берілмек. Конкурсқа қатысушылардың тамақтандыру саласындағы тәжірибесі, сапа сертификаты, аспаздардың біліктілігі, сондай-ақ, санитарлық- эпидемиологиялық рұқсаты бар өнімдердің тізімі талап етіледі. Сондай- ақ, қызмет көрсететін мекемені, ас мәзірін мұғалімдер мен ата-аналар бірлесіп таңдай алады. Ең бастысы, білім ошақтарындағы тамақ Еуропа талаптарына сай жасалуы тиіс. Қалалық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, қала мектептеріне желтоқсан айында тендер қайта жүргізіледі. Онда министр айтқандай, бағаның төмендігіне ғана емес, сапасына да аса мән берілетін болады.
3100-ден астам оқушы тегін тамақтанады
Көпбалалы отбасының балалары, жетім, мүгедектер санатындағы оқушылар мектептен тегін тамақтанады. Арнайы құжаттар өткізіп, тегін тамақ жейтін балаларға үкіметтен күніне бастауыш сыныптарға 280 теңге, жоғарғы сынаптарға 450 теңге көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл да болса көптеген жанға үлкен көмек.
Биылғы оқу жылында 3100-ден астам оқушы тегін тамақтанатын болып шешеліпті. Десек те, бұл тек әлеуметі төмен отбасыларға ғана берілетін көмек. Өткен жылдарда республика бойынша бастауыш сыныптар тегін тамақтанатыны ата- аналарға біраз жеңілдік болған еді. Бұл туралы ата-аналар пікірін білгенбіз. Солардың бірі Шыңғыс Жалекеев балаларына тегін тамақтан қарағанда өз қалауы бойынша сатып алып жегені де жақсы деген пікірде. Мемлекеттің оқушыларды тегін тамақтандыруын құп көрмейтін сарапшылар мен белсенділер де бар. Олардың кейбірі сапасыз тегін ас ішуден гөрі сапалы ақылы тамақ дұрыс, әрі қауіпсіз деп санайды. Газетімізге өз ойын білдірген сарапшы Қазбек Бейсебаев: «Кезінде жағдайымыз жақсы, бюджет қаржысы жеткілікті болған кезде үкімет бұл қадамға барды. Ал, қазір жағдай басқа, сондықтан түсіністікпен қараған жөн», – дейді. Бірінің қалтасы көтерсе, енді бірі жол ақысын әрең тауып отырған халықтың бұл тұрғыдағы пікірлері сан алуан. Мектеп асханаларының бағасы қандай болса да, сапасы соған лайық болса деген тоқтамға келді тұрғындар. Расымен де, су мен картопты қайнатып, 1-2 түйір ет салып балаларға бере салатын астың бағасы 280 теңге болуы кез келген жанның ашуына тиері сөзсіз. Бағасына қарай тойымды әрі дәмді ас болса, оқушылардың да денсаулығының кепілі болмақ.
Р.S. Мектеп оқушыларының тамақтануы, толыққанды, үйлестірілген тағам қазіргі уақытта өзекті мәселе. Мамандар пікірінше, мектепте ыстық тамақ ішетін оқушылар аз шаршайды және мектеп жүктемесін оңай орындайды. Уақытылы тамақтану, тамақтану мерзімін сақтау – бұл ас қорыту жүйесі ауруының алдын алу болып табылады. Ал сіздің балаңыздың оқитын мектебіндегі тағам талапқа сай ма? Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!
Гүлназ ЕРДӘУЛЕТОВА