25.06.2019 | 13:29

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу уақыты жақындады. Онда түлек мектепте алған білімін сынап, жинаған балына сай жоғарғы оқу орнында білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бірақ түрлі себеппен сынақтан сүрініп кететіндер де болады. Сондықтан ҰБТ тапсырарда баланың үлгерімімен бірге оның психологиялық дайындығы да маңызды роль атқарады.

Сынаққа дейін қалай дайындалу керек?

Психолог Аида Өтемісованың айтуынша, “Балам, сенің жақсы балл алуың керек. Мынаның баласынан, ананың баласынан озып кет”, “Туысқандардан ұят болады. 11 жыл бойы не оқыды екен дейді ғой” сияқты сөздер баланың миына салмақ түсіреді. Оның орнына, сынақ жақындағанда баламен бетпе-бет сөйлесіп, қандай нәтиже болса да, оны қолдайтынын, бәрі жақсы болатынын, оны жақсы көретінін айтып, түсіндірген жөн. ҰБТ – білімді тексеруші құрал ғана. Балаға ата-ананың қолдауы болмаса, білім дәрежесі маңызды емес. Кей үздік оқитын оқушының өзі күйзеліс кезінде бар білгенінен айырылуы мүмкін. Сондықтан жақындарының сенімі оған күш беріп, тестен басқаны ойламауға мүмкіндік береді.

Мұғалім мен ата-ана үлкен жауапкершілік артқан кезде бала ҰБТ-ны өмірінің шешуші сынағы ретінде қабылдайды. Сондықтан балаға оның адам тағдырын шешетін сынақ емес екенін түсіндіру керек. Балаға жоғары оқу орнына басқа да жолмен түсуге болатынын немесе сынақты қайта тапсыру мүмкіндігі бар екенін еске салып отырған жөн, – дейді Аида Өтемісова.

Сынаққа кірерде не істеу керек?

Психологтың пікірінше, баланың бар білгенін ұмытып қалуы ойын жинақтай алмауынан болады. Ал ойды жинақтай алмау ҰБТ сынағына кірер кезде қатты эмоцияға берілуден, сыртта қалған ата-ана, туыс, мұғалімдерге жалтақтауынан болады. Қобалжыған адамның қол-аяғы дірілдеп, жүрек соғысы жиілейді, тынысалуы бұзылып, терлей береді. Ондай жағдайда алдымен тынысын дұрыстап алу керек. Аудиторияға кіргеннен кейін 2-3 минут жан-жағына қарап, үйренісіп алса, қалпына түседі.

Еске салайық, біз бұған дейін оқушының ҰБТ-ны сәтті тапсыруына ата-ана қалай көмектесе алатыны туралы жазған едік.

Психолог Лимана Қойшиева ата-аналарға баласының көңіл күйіне назар аударуға кеңес береді. Себебі қатты уайымнан ұйқысыздыққа шалдығып, күні мен түнін ауыстырып алатын балалар болады.

Баланың іштей күйзелісте жүргенін терісінің, аузының құрғап кетуінен, тамағының кебуінен, денесі бөрітіп, аллергиялық реакциясынан, сөйлегенде кекештенуінен, тез салмақ қосып жіберуінен, мінезіндегі өзгерістерден, бас, іш, мойын, арқа ауыруынан байқауға болады. Адам күйзеліске түсіп немесе жүйкесі шаршай бастаса, алақаны бірде терлеп, бірде мұздап, кейде көп ұйықтап немесе мүлде ұйықтай алмайды, – дейді психолог.

Маманның айтуынша, мұндай кезде баланың көзіне тура қарап, “Бәрі жақсы болады. ҰБТ адамның тағдырын шешпейді, тек бағытын анықтауы мүмкін. Қандай мәселенің болмасын, шешімі бар” деп, кеңес беру қажет.

Дереккөзі: http://www.bachelor.kz/ru/603-sovety_po_psihologicheskoj_podgotovke_k_jent_vypusknikov_i_ih_roditelej.html

34