ҚР ҰБ курстары, 22.11.2024
RUB 4.91 (-0.03)
EUR 520.65 (-1.69)
USD 494.87 (-0.33)

Баланы балабақшаға қай уақытта беру керек

Баланың балабақшамен танысуына ең қолайлы жас – 2 жас пен 4 жастың аралығы, себебі осы кезде олар ұжымға араласуға, өзіне-өзі бас-көз болуға қажетті дағдыларды меңгереді.

Баланы қай жастан бастап балабақшаға беру керектігі жөніндегі мәселе көптеген ата-аналарды толғандырады. Бұл сұрақтың нақты жауабы жоқ десе болғандай. Әр бала — өзінің темпераменті, мінез-құлық ерекшелігі бар жеке тұлға, сондықтан да балалардың барлығын, мәселен, 4 жастан бастап балабақшаға беру керек деу жаңсақтық болар еді. Баланың балабақшаға дайындығын дөп басып айту оның мінез-құлқын үнемі байқап отыратын ата-анасының ғана қолынан келеді. Ал оның балабақшаға бейімделуінің қалай өтетіні осы шешімнің дұрыстығына байланысты.

Балабақшаға баратын бала нені білуі тиіс 

Баланың балабақшамен танысуына ең қолайлы жас – 2 жас пен 4 жастың аралығы, себебі осы кезде олар ұжымға араласуға, өзіне-өзі бас-көз болуға қажетті дағдыларды меңгереді. Яғни, баланы балабақшаға ол түбекті пайдалануға әдеттенген соң, өз бетінше тамақтанып, кеседен ішіп, тым болмаса кейбір киімдерін өзі кие алатын дәрежеге жеткенде, сондай-ақ тыйым салуды ұғыну, үлкендерді тыңдау, тәртіп сақтау секілді өзін-өзі ұстау қағидаларынан түсінігі қалыптасқан кезде берген дұрыс.

Баланың балабақшаға психологиялық дайындығы

Баланың балабақшада өзін еркін сезінуіне қажетті машықтарынан басқа, оның ұжымға араласуға психологиялық дайындығы да аса маңызды. Егер де балаңызды балалар алаңына оны балабақшаға берерден бір ай бұрын ғана апара бастайтын болсаңыз, ол мінезінің көпшілдігіне қарамастан, еш нәрсеге дайындалып үлгермейді. Оны балабақшаға дайындауға уақыт керек екенін түсінген абзал, әрі ол бір ай, екі ай емес, кем дегенде жарты жылдық мерзім болуы тиіс.   

Психологиялық дайындық деп баланың басқа балалармен араласа білу машығын, яғни ойыншықтарын бөлісе немесе айырбастай білуін айтамыз. Балабақшаға дайындықтың келесі маңызды көрінісі – анасынан ажырай білу. Өздеріңіз білесіздер, егер де бала анасынан бірінші рет балабақшаға барған алғашқы күні ажырайтын болса, одан еш нәтиже шықпасы белгілі. Сондықтан сіздің міндетіңіз – балаңызды сіздің қасында болмауыңыз мүмкін екендігіне алдын ала үйрету. Балалар ұжымына сіңісіп, анасының қасында болмауына көндігу үшін әр балаға әр түрлі уақыт қажет.

Егер де балаңыз жоғарыда айтылған машықтардың бәріне әдеттенген болса, онда бар күмәніңізді сейілте беруіңізге болады, ол балабақшаға баруға толығымен дайын. Шыны керек, іс жүзінде жағдайдың басқаша өрбіп жататыны да бар. Біз балаларымызды балабақшаға олар дайын ба, жоқ па деген мәселені сараламай-ақ, жұмысқа шығуымыз керек болғанда немесе балабақшаға жолдама іздеп тапқан кезде жіберіп жатамыз. Десек те, баланы балабақшаға дайындауға неғұрлым көбірек уақыт бөлсеңіз, оның жаңа өмір ырғағына ілесуі соғұрлым оңай болмақ.