ҚР ҰБ курстары, 26.11.2024
RUB 4.81 (-0.04)
EUR 522.84 (+3.12)
USD 498.51 (+0.17)

Баланы балабақшаға қалай дайындау керек?

Әл – Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның бар өміріне апат әкеледі» дегендей, балаға ерте жастан дұрыс тәрбие берілуі керек. Бала негізгі тәрбиені отбасынанда ата-анасынан алады, ал баланың жалпы жеке тұлға боп қалыптасу кезеңі мектепке дейінгі кезеңде басталады. Сондықтан баланың дұрыс дамуына игі ықпал ету ата-ана мен тәрбиеші педагогтердің басты міндеті. Балабақшаға жаңадан келген бала жаңа жағдайға, басқа ортаға қалай бейімделеді?

Кейбір балаларда балабақшаға бейімделу көбінесе қиын және ауыр өтеді. Ата-ана баласын балабақшаға орналастырмас бұрын ондағы оқу мен тәрбие жұмысына, баланың жағдайына алаңдауы заңдылық. Ата-ананы «балабақшада бала көп жылайды, жиі ауырады» деген сөздер де мазалауы мүмкін. Балабақшаға барған алғашқы күндер-ақ бала мазасызданады. Өйткені, өзіне жақын адамдардың болмауы жанына батып, 2-3 күн өткен соң ауырып қалатын жағдайлары да кездеседі. Осындай жағдайларда кейбір ата-аналар тәрбиешілерді кінәлап жатады. Ал, ғалымдар сәбидің бөтен ортаға бейімделуін, үйіндегі ата-ананың баласын жаңа жағдайда алдын-ала дайындауына байланысты екенін айтады. Мысалы, бағбан ағаш егерден бұрын, оған орын дайындайды, содан кейін барып ағашты отырғызып баптайды, тамырына зиян келмеуіне көңіл бөледі. Оны ерекше күтімге алады. Сол сияқты баланың басқа ортаға бейімделуі, оның өмірінде кездесетін алғашқы күрделі кезеңнің бірі. Таныс емес адамдардың ортасында қалу бала үшін өте ауыр. Ол алғашқыда мазасызданып тіпті қашып кеткісі келеді, кейбір ата-ана баланың бұл қылығын түсіне алмай, баласын ұрып-соғып жатады. Бейімделу кезеңінде баланың ұйқысы бұзылып, тамаққа тәбеті болмайды. Үйге келгеннен кейін де анасынан айырылмай, ұйықтағанда жиі-жиі оянып тынымсызданады. Кейбір нәзік жанды балалар бұндай өзгерісті көтере алмай, ыстығы көтеріліп, ауырып қалатын кездері де болады.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, ата-ана баланы балабақшаға апармас бұрын алдын-ала дайындау ережелерін білу керек.

  1. Баланың күн тәртібін балабақшадағы тәртіпке қарай сәйкестендіріп, өзі киініп, өзі шешінуге дағдыландыру;

  2. Балаға ас дайындағанда әр түрлі көкөністер мен сүтті тағамдарды қосып, өзі тамақтанатындай дағдыға үйрету;

  3. Қандай тағамдарды жақсы көретінін, қандай тағамдарға аллергиясының барын және баласын қалай еркелететінін тәрбиешіге ескерту;

  4. Баласының қалай ұйықтайтынын, дәретке баруды қалай ататынын ескерту;

  5. Ата-ана баласын балабақшаға алып келген күні тәрбиешімен тығыз байланыс жасап, «Міне, сенің сүйкімді апайың, керемет достарың»-деп, тәрбиешімен таныстыру;

Балабақшаның ережесінде жаңадан келген бала алғашқы күндері 2 сағатқа қалу керек, алайда кейбір ата - аналар өздерінің жұмыс тәртібін айтып, баланы күні бойы балабақшада қалдырады. Осының нәтижесінде күрделі және созылмалы мәселелер пайда болады. Әр балада бейімделу кезеңі әр түрлі өтуі мүмкін.

Бейімделудің үш түрі болады:

1). Жеңіл бейімделу – баланың мінез-құлығы 10 -15 күнде қалпына келеді;

2). Орташа бейімделу - 1 айдың ішінде;

3). Ауыр бейімделу - 2айдан 6айға дейін созылады;

Баланың тез бейімделуіне қойылатын талаптар:

  • Баламен тез қоштасып үйреніңіз.

  • Балабақшаға алып келіп, көрінбей қашып кетпеңіз.

  • Балаңызға ұнайтын қоштасу рәсімін ойлап табыңыз.

  • Бастапқыда балабақшаға барғаны үшін мадақтап қойыңыз.

  • Баланы алдамай, дұрыс түсінік беру керек.

  • Баланың алдында барынша сабырлы, әрі ұстамды болуға тырысу керек.

  • Бала бірдеңені бүлдіріп немесе бір бұзақылық жасаса баланы жазаламау керек.

Балабақша әкімшілігі бейімделу кезеңінің бала мен анаға аса ауыр тимеуі үшін, баланың да, оның ата-анасының да балабақшаны ұнатуына көмектесетін қарапайым ережелерді басшылыққа алған жөн.

Егер, ата - ана баланың балабақшаға тез бейімделуіне қойылатын талаптарды нық орындап, балабақшаның іс-шараларына қоян-қолтық араласып, бала тәрбиесін жіті қадағалайтын болса, кез келген баланың балабақшаға бейімделуі жеңіл өтеді және өмірге бейімделуі де жоғары болады!