ҚР ҰБ курстары, 23.11.2024
RUB 4.85 (-0.06)
EUR 519.72 (-0.93)
USD 498.34 (+3.47)

Электронды оқу платформасы оқулықтың орнын баса ала ма?

Қазір балалар кітап оқымайды, гаджетке құмар дейміз. Алайда оның пайдалы тұстары да бар. Мысалы, жақында «Алматыкітап» баспасы www.opiq.kz платформасында электронды оқулықтарды мектеп бағдарламасына енгізуге байланысты пилоттық жоба жасады. «Мектептегі білім беру үдерісіне электрондық оқулықтарды енгізу» туралы пилоттық жоба бүкіл Қазақстанды қамтыса, оқушылар сөмкесін ауыр кітапқа толтырмай-ақ, бір ғана планшеттің көмегімен бүкіл тапсырманы орындап, мектеп бағдарламасын меңгере алады. Ғажап қой, иә? Сонымен, оpiq.kz деген қандай платформа? Электронды оқу платформасы оқулықтың орнын баса ала ма?

Электронды оқулық оқу үлгеріміне әсер етеді

Мектеп бағдарламасын электронды кітаппен оқу жүйесін саралап көру үшін 2019 жылдың ақпан айынан бастап еліміздің 6 облысының 12 мектебінде апробация жүргізілген. «Алматкітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаеваның айтуынша, opiq.kz  кейбір оқушылардың оқу үлгеріміне оң әсер еткен екен.

Ұлан: Гаухар ханым, электронды оқулық платформасын жасау туралы идея қалай келді? Оpiq.kz қандай жүйеге негізделіп жасалды?

Гаухар Саймасаева: Opiq.kz электронды оқулықтарын «Алматыкітап» баспасы эстониялық AVITA компаниясымен бірлесе отырып жасады. 2018 жылдың күзінде Opiq.kz платформасының тұсаукесерінде Н.Назарбаевқа таныстырылып,  Елбасы бұл бастаманы жоғары бағалаған еді. Білім беру мамандары Эстонияда осы электронды оқу жүйесі енгізілген соң оқушылардың оқу үлгерімі күрт жоғарылағанын айтады. Сондықтан, біз де осындай пайдалы жоба атқаруға бел будық.

Ұлан: Opiq.kz электронды оқулығының дәстүрлі оқулықтан қандай айырмашылығы бар?

Гаухар Саймасаева: Электронды оқулықтар көркем безендірілген, мультимедиялық қосымшаға бай. Оқу бағдарламасы дәстүрлі оқулықтағыдай еліміздің мемлекеттік оқу стандарты мен пәндік бағдарламаларына толық сәйкес келеді.Сондай-ақ, оpiq.kz платформасында электронды оқулықтардың негізгі мазмұнына көптеген қосымша материал беріледі. Қолданушы тақырып аясында қосымша аудио, видео, графика, слайдтарды тамашалай алады. Тәжірибе көрсеткендей, электронды оқулықтар оқушы, мұғалім және ата-ана үшін де тиімді. Бұл оқулықтағы тапсырмаларды баланың білім деңгейіне лайықтап құруға болады. Тағы бір артықшылығы – оқушыға өзіне ұнаған тақырыпты терең зерттеуге мүмкіндік береді. Мәтінді белгілеу, тапсырма орындау, қажет ақпараттарды көшіру, жіберу, бөлісу сияқты функциялары бар.

Ұлан: Электронды оқулықтардың бағасы қолжетімді ме?

Гаухар Саймасаева: Біз электронды оқулықтардың бағасын эстониялық компаниямен бірігіп белгілейміз. Аса қымбат емес. Ескерте кететін жағдай, еліміздегі электронды оқулықтарға қаражатты мемлекет бөледі. Сондықтан оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар бұл мәселеге алаңдамаса да болады.

Ұлан: Елімізде барлық мектептер қолжетімді интернетпен, компьютермен қамтылмаған. Электронды оқулық жасаған кезде бұл мәселе ескерілді ме?

Гаухар Саймасаева: Аталған электрондық оқулықтар ноутбук, компьютер, смартфон, планшет сияқты барлық заманауи құрылғыларға лайықталған және де ешқандай қосымша бағдарламалық құрылғыларды қажет етпейді. Дәл қазір еліміздегі бүкіл мектептерге енгізбесек те, бірнеше мектепте сынақтан өткізіп жатырмыз. Әзірге мұндай қиындықтарға тап болып көрмедік. Тіпті, мынадай бір қызық жағдай болды. Сыныпта бір оқушының әкесі шағын кәсіппен айналысады екен. Үнемі баласының оқу үлгерімінің төмен болғанына, үнемі смартфонмен отыратынына ренжитін көрінеді. Сыныбы электронды оқулықтарды пайдалана бастаған соң оқушының оқуға деген қызығушылығ артып, оқу үлгерімі де жақсарыпты. Риза болған әкесі мектепке келіп, баласы оқитын сыныптың оқушыларына планшет әперіпті.

Ұлан: Дегенмен электронды кітаптарды оффлайн нұсқаға ыңғайлау ойда бар ма?

Гаухар Саймасаева: Негізі жоспарда бар нәрсе. Алайда мұны жүзеге асыру үшін әлі көп жұмыс істеу керек.

Ұлан: Оқушылар электронды кітапты қай уақытта жиі пайдаланады? Оларға шектеу бар ма? Статистика бойынша оқушыларды қандай тақырыптар қызықтыратынын анықтауға бола ма?

Гаухар Саймасаева: Қолданушылардың белсенділігі сабақ уақыты кезінде және кешкі уақытта жиі байқалады. Әсіресе, кешкі 20:00-22:00 аралығында электронды оқулықты қолданушылар көп. Базадағы деректер бойынша 3-сынып оқушылары математика, ал 6 және 8-сынып оқушылары география және информатика пәндеріне қызығады екен. Олардың қызығушылығына қарай осы бағытта әртүрлі қосымша мәліметтер енгізетін боламыз.

Ұлан: Болашақта электронды оқулықтар дәстүрлі оқулықтарды алмастыра ала ма?

Гаухар Саймасаева: Толығымен алмастырады деп айта алмаймын. Opiq.kz электронды оқулығы да қосымша ретінде жүреді. Біздің қоғам электронды жүйеге толығымен көшуге әлі дайын емес сияқты.