ҚР ҰБ курстары, 23.11.2024
RUB 4.85 (-0.06)
EUR 519.72 (-0.93)
USD 498.34 (+3.47)

Шетелдік ЖОО-ға құжатты қалай тапсырған жөн?

Шетелдік оқу орындарына құжаттарыңызды тапсырар кезде, олардың дұрыс әзірленуіне көп көңіл бөлу қажет. Оқуға түсу-түспеу студенттің өз қабілеттері мен біліктілігін, аналитикалық және сыни ойлау деңгейін, тұлғалығын көрсете білуіне тікелей байланысты. Өзіңіздің жетістіктеріңіз бен ғылыми қызығушылықтарыңызды сипаттау сіздің мүмкіндігіңізді одан да әрі күшейтеді. Сонымен қатар, құжаттарыңыздың бәрін жақсы рәсімдесеңіз, сіздің бағдарламаға мейлінше сай келетін үміткер ретінде танылуыңызға жол ашылады.

Құжаттарды даярлау процесі көп уақыт пен күш салуды қажет етеді. Бұл процедураны соңғы күнге қалдырмаңыз. Мысалы, егер құжаттарыңызды қыс кезінде жіберуді көздесеңіз, қыркүйек айынан бастап дайындалыңыз. Құжаттар пакетін әзірлеуде қабылдау комиссия талап ететін барлық құжат пен ақпараттың бар екеніне көз жеткізіңіз. Егер қандай да бір ақпарат жетіспейтін болса, комиссияға қайта жібермейінше, сіздің өтініміңіз қарастырылмайды. Мұндай жағдайда бағалы уақытыңызды қатты жоғалтасыз. Құжаттарды жібермес бұрын оларды тізім бойынша тексеріп шығыңыз. Университеттердің басым көпшілігі келесідей құжаттарды талап етеді:

  • ілеспе хат;
  • толтырылған анкета;
  • диплом/дар мен қосымшаның/лардың көшірмесі – оригинал тілде және ағылшын тіліндегі немесе университет орналасқан мемлекет тіліндегі аудармасы;
  • негіздеме-хат немесе мотивациялық хат;
  • түйіндеме;
  • құжаттыру қарастыруға төлегенгенін дәлелдейтін чек;
  • TOEFL және SAT, GRE немесе GMAT емтихандарының нәтижесі. Нәтижені күтіп отырған студенттер ілеспе хатта осы туралы жазып, кейіннен арнайы конвертпен жіберу керек.

ЖОО таңдау

Университетті таңдаудағы ең басты фактор – сіз таңдаған мамандықтың сол оқу орында болуы және ондағы білім берудің сапасы. Оқығыңыз келетін өңірді, содан соң ондағы сіздің мамандығыңызды оқытатын білім ошағын таңдаңыз. Тек танымал университеттермен шектелмеңіз: сіздің мақсатыңыз бен қаржылай мүмкіндіктеріңізге сай келетін өзге де колледждер мен университеттер бар.

Сіздің талаптарыңызға мейлінше сәйкес келетін 10-15 университеттің тізімін жасаңыз. Оларды келесі параметрлер арқылы тағы да сүзгіден өткізіңіз:

  • Сіз оқығыңыз келетін факультет пен мамандықтың болуы.
  • Оқуды аяқтаған соң қандай атақ беріледі.
  • Білім беру мекемесінің түрі.
  • Орналасуы.
  • Студенттер саны.
  • ЖОО жатақханасында тұру мүмкіндігі.
  • Оқу құны.
  • Қаржылай қолдау табу мүмкіндігі.
  • Талапкерлерге талап.
  • Құжаттарды тапсырудың соңғы мерзімі.
  • Технологиялық база.
  • Шетелдік студенттерге арналған халықаралық бөлімнің болуы.

Сұрау-хат

Университеттер тізімін нақтылаған соң, олардың оншақтысына сұрау-хат жіберіп, оқуға түсудің шарттарын біліңіз. Шетелдік ЖОО-ға құжаттар тапсырғанда өзіңіз туралы ақпаратты әрдайым бірдей етіп жазыңыз. Бұл әсіресе аты-жөніңіздің транслитерациясына қатысты. Есіміңіз Айдархан болса, бір жолы Aidarkhan, екінші жолы Aidarhan, үшінші жолы Aydarhan деп жазып жүрмеңіз.

Хатты поштамен немесе интернет арқылы жіберіңіз. Шамамен бір айдан соң сіз өзіңізге қажетті ақпаратты аласыз.

Тапсырылатын құжаттар

  • Ілеспе хат. Оның құрамында студент туралы ақпарат және өтінімге тіркелетін бірқатар құжаттар болады. Сондай-ақ, бұл хатта студенттің дұрыс аты-жөні, мекен-жайы және құжатты қабылдап алушы тараптың аты және мекен-жайы жазылады. Электронды поштаңызды көрсетуді ұмытпаңыз. Егер сізде белгілі бір құжаттар жетіспей тұрса, хатта сіз оның себебін көрсете аласыз.  
  • Барынша толтырылған өтініш. Өтінішті баспа әрпімен толтырыңыз. Барлық сұраққа жауап беріңіз. Қате жібермеуге тырысыңыз. Егер сұрақтың сізге қатысы жоқ болса «n/a» (not applicable) деп жазыңыз.
  • Диплом мен қосымшалардың көшірмесі. Барлық дипломдар мен қосымшалардың көшірмелері ілеспе хатпен бірге жіберілуі тиіс. Көшірмелер оригинал тілден ағылшын тіліне немесе таңдалған елдің тіліне аударылуы қажет. Оригинал тілдегі көшірме аудармамен бірге жіберілуі керек.
  • Ұсыным хаттар. Бұл хаттар сіздің университетке қабылдануыңызды мүмкіндігін біршама көбейте алады. Сол себепті сізге жақсы ұсыным жасайтын адамды таңдау өте маңызды. Есіңізде болсын: факультеттің сізге ұсыным бермеуге құқығы бар, алайда келіскен жағдайда сіз хатты жазуға уақыт беруіңіз қажет. Ұсыным хатты арнайы конвертпен (бірақ ләжі болса барлық құжаттармен бірге)жіберген жөн және оған факультет өкілі  мөр басуы керек. Ілеспе хатта ұсыным хаттың кім жазғанын, бөлек жіберілген жағдайда қашан келетінін жаза кету керек.   
  • Құжат тапсыруға ақы төлеу. Университеттердің көпшілігі құжатты қарастыруға ақы талап етеді. Ол шамамен 20 мен 80 АҚШ доллары аралығында болады. Кейбір ЖОО-лар студенттердің өтініші бойынша, егер ол көп университетке құжат тапсырып жатса, ақы төлеу мерзімін созып жатады. Біз сізге осыған байланысты бюджетіңізді дұрыс құруға кеңес береміз. Университет алдында сіз лайықты үміткер ретінде көрінуіңіз қажет. ЖОО өкілдері сіздің оқу ақысын төлем қабілетіңізге байланысты күдіктенбеуі тиіс.
  • Мотивациялық хат. Университеттер мақсаты бар жарқын тұлғаларды қабылдағысы келеді, өйткені олардың кейінгі жетістігі оқу орнының мәртебесін көтереді. Сол себепті мотивациялық хаттың құжатты қарастырудағы маңыздылығы өте жоғары. Мотивациялық хатта не үшін сол университет пен мамандықты таңдағаныңызды және не үшін олар сізді қабылдау керек екенін жазыңыз. Мотивациялық хат бойынша толығырақ білу үшін сілтемеарқылы өтіңіз.

Соңғы кеңестер

Әрдайым барлық құжаттың көшірмесін алып отырыңыз. Құжаттарыңызды үлкен конвертпен және тұрақты (тіркелген) әуе поштасымен жіберіңіз және неғұрлым ерте болғаны дұрыс, өйткені қабылдау комиссиясы құжат қабылдау мерзімінен кейін келген өтініштерді қарастырмайды. Өз уақытыңыз бен бюджетіңізді мұқият жоспарлаңыз.