ҚР ҰБ курстары, 23.11.2024
RUB 4.85 (-0.06)
EUR 519.72 (-0.93)
USD 498.34 (+3.47)

Жоғарғы оқу орындарын таңдау

Статистика комитетінің мәліметінше, биыл Қазақстанда 140 мыңнан аса түлек мектеп бітірді. Мектеп түлектері ҰБТ-дан жинаған балы арқылы жоғары білім алуға талпынады. ЖОО-ны қандай критерий бойынша таңдау керек? Оқу орнының рейтингіcі сапалы білімнің кепілі бола ала ма? Бұл сұрақтарды "Болашақ" бағдарламасының түлектеріне қойып көрдік.

Исатай Минуаров, әлеуметтанушы, Manchester University түлегі

АҚШ-та белгілі бір саланы ғана оқытатын институттар бар. Мысалы, Массачусетс технологиялық институтына саясаттануды оқимын деп бара алмайсыз. Калифорния техникалық университетіне барып өнер саласын оқымайсыз. Сондықтан әр университеттің бір салаға өзіндік мықты маманданған тұсы болады. Мұны оқу орнының әлсіз тұсы деуге келмейді. Қазақстанда да мұндай оқу орындары бар, бірақ әлі кең етек жая алмай келеді. Елімізде көпсалалы оқу орындарына деген сұраныс жоғары. Бірақ мықты маман болу үшін көпсалалы оқу орнына қарағанда бір саланы тереңдететін институтте оқу дұрыс деп есептеймін.

Тәжірибенің маңызы зор

11-сыныпта саясаттанушы болғым келді. Бірақ ҰБТ-дан жинаған балым ол мамандыққа жетпей, әлеуметтануды таңдадым. Кейін екі мамандықтың бір-бірінен аса айырмашылығы жоқ екенін түсіндім. Бұл таңдауыма өкінбеймін. Бірінші курсты бітіріп жатқан кезде зерттеу орталығында әлеуметтануға қатысты сауалнама жүргіздім. Бұл бір жағынан ақша табудың жолы болса, екінші жағынан тәжірибе жинауыма да көмектесті. Болашақ әлеуметтанушы көшеде немесе телефон арқылы сауалнама жүргізу кезеңінен міндетті түрде өтуі керек. Себебі ол қоғамдағы әртүрлі процесті зерттеп, әлеуметтік сауалнама жүргізіп, қоғамның көңіл-күйін, азаматтардың ахуалын, қандай мәселесі бар екенін анықтайды. Осылай тәжірибеден өту арқылы мамандыққа деген қызығушылығым артып, осы салада көп нәрсені білгім келді. Кейін әлеуметтанудың магистратурасында оқуыма “Болашақ” бағдарламасы мүмкіндік берді. Оған университетке түскеннен кейін жұмыс істеп, осы салаға ерте араласқанымның көмегі көп тиді.

Ата-ана бағдар беруі керек

11-сыныптың басында физика оқып, нарықта сұранысы жоғары деген оймен автоматтандыру мамандығын таңдап қойған болатынмын. Бірақ ҰБТ-ға 3-4 ай қалғанда анам “Балам, сен шынымен осы мамандықты таңдадың ба? Тағы да ойланып көресің бе?” деп сұрады. Бұл мамандықтың менікі емес екенін білсем де, экономикалық қажеттіліктен осындай таңдау жасағаным рас. Осы кезде анаммен ақылдасып, бойымдағы қабілетіме сай, өзім қалаған мамандықты таңдадым. Мұндай кезде баланың қалауы маңызды. Дегенмен ата-ана оны өте жақсы таниды, баласына не керек екенін біледі.

ЖОО-ның рейтингісі ештеңе шешпейді

Университеттің жоғары рейтингісі сапалы білімнің кепілі бола алмайды. Мысалы, облыс орталығындағы орташа деңгейлі университетте оқып та нарықта сұранысқа ие, көп жалақы алатын, бәсекеге қабілетті, сапалы маман болуға болады. Бәрі адамның өзіне байланысты. Ол үшін таңдаған саланың талабын орындаса, жеткілікті. Мысалы, ағылшын тілін жетік білу. Қандай да болмасын, тіл білетін маман Қазақстанда ғана емес шетелде де сұранысқа ие.

Қазіргі түлектердің көбі “грант болса, болды” деп, армандаған мамандығында оқымай, қателесіп жатады. Мен мұны университетте сабақ беріп жүргенде білдім. “ЖОО-ға мектептен соң бірден түсу міндетті” деген психологиядан арылу керек. Шетелде Gap year деген ұғым бар. Gap year бір жыл болуы мүмкін, екі-үш жылға созылуы мүмкін. Бұл уақытты мектепті енді бітірген түлек өзінің не қалайтынын, жасырын потенциалын барынша анықтауға, приоритеттерді дұрыс қою жағын ойлануға пайдаланады. Есесіне, мектеп бітірген бала сол уақыт аралығында есейіп, аз да болса студенттік шақта туындайтын қиындықтарға, стреске дайын болады. Ал біздің елдегідей мектеп бітірген жылы бірден университетке түсуді міндеттеу дұрыс емес. Ақыл айту оңай, бірақ мен тәжірибемді бөлісіп отырмын.

Қазіргі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болғыңыз келсе, Қазақстанда алған білімді шетелде толықтыру керек. “Болашақ” бағдарламасына ғана қарап қалмай, Халықаралық бағдарламалар орталығы ұсынатын басқа елдердің де грантын ұтып алуға кеңес беремін.

Нұрмұхамед Байғараев, саясаттанушы, Lancaster University түлегі

Бүгінде келешек мамандықты таңдау бұрынғыға қарағанда маңызды мәселеге айналды. 10 жыл бұрын ЖОО дипломын алып шыққан азамат қай жерден жұмыс тапса, “екі қолға бір күрек” деп қызметті бастап кете беретін.

Алайда қазір еңбек нарығындағы жағдай өзгере бастады. Жұмыс берушілер дипломнан бұрын кәсіби қабілетті талап етеді. Мысалы, бухгалтер, қаржыгерлерден белгілі курстарды оқығаны туралы сертификаттар сұрайды. Егер сертфикат болса, олар сол саладағы жаңа бағдарламаларды, өзгерістерді меңгерген деген сөз.

Қазақстанда шет елде оқып келген жастар көп. Ресейде 70 мың, Қытайда 12 мыңдай студентіміз білім алып жатыр. “Болашақ” бағдарламасымен де 12 мыңдай азамат шетелдік университетте оқыды. Өз ақшасына Еуропа, Азияда оқығандар қаншама?! Олар еңбек нарығындағы бәсекені арттырады.

Еңбек нарығындағы жағдай өзгеріп барады деген тұжырымның тағы бір тұсы бар. Бұрынғыдай оқыған салаңда 30 жыл қызмет ету деген міндет жоқ. Жаңа курстарды оқып алып, жаңа салаға ауысуға мүмкіндік жетеді, яғни еңбек мобайлы артып кетті.

Мамандарға уақыт өткен сайын талап жоғарылай береді. Соның бірі – кәсіби қабілет, дағдыны үнемі дамытып отыру. Жастар білім алған саласында ең үздік бағдарламалаушы, дизайнер, биотехнолог болып, ағылшын тілін еркін меңгерсе, онда тек Қазақстанда емес, шетелде де жұмыс істеуіне кең мүмкіндіктер ашылады. Талай қазақ баласы қазір солай Еуропада қызмет етіп жүр.

Мұның барлығын түлектерді қорқыту үшін айтып отырған жоқпын. Тек мамандық, еңбек нарығы туралы дәстүрлі түсініктердің өзгере бастағанын жеткізгім келеді.

Саясаттанушы мектеп түлектеріне мына сұрақтарды өзіне қоюға кеңес берді:

  • Бұл мамандық сізге ұнай ма?
  • Таңдаған мамандығыңызбен ертең жақсы табыс таба аласыз ба?
  • Ол салада жаңа мүмкіндіктер, перспектива бар ма?
  • Мамандығыңыз бойынша ертең магистратураны шет елде оқи аласыз ба?
  • Басқа мамандықтармен мәндес пе (яғни, бірнеше саланы қатар меңгеру үшін)?
  • Бұл мамандықта кәсіби қабілет, дағдыралыңызды жоғары деңгейге жеткізе аласыз ба?

Қорыта айтсақ, екі спикер де мықты маман болу үшін қандай оқу орнында оқығаныңның маңызы жоқ екенін айтты. Олардың пікірінше, нарықта сұранысқа ие, сапалы, көп жалақы алатын маман болу үшін университет беретін білім жеткіліксіз. Спикерлер мектеп түлектеріне университетте оқып жүріп, қосымша тіл курстары мен мамандығына қатысты курстарды меңгеріп алуға кеңес берді.