ҚР ҰБ курстары, 24.11.2024
RUB 4.85 (0.00)
EUR 519.72 (0.00)
USD 498.34 (0.00)

Қандай мамандықтарға сұраныс азаймайды?

Кезекті оқу жылы аяқталуға жақын. 11-сынып оқушылары болашақ мамандықтарын таңдайтын уақыт. Ол үшін жақын уақытта өзекті болатын мамандықтарды білу өте маңызды.

Инженерлік мамандықтар

Бүгінгі күнде құрылысшылар, технологиялық машиналар мен техникаларды, машинаны жасаушыларға сұраныс жоғары. Олардан кейін металлургтар, энергетиктер, мұнай және газ саласының, есептеу техникасының, радиотехника, электроника және телекоммуникация жұмысшыларына, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің технологиясы мен құрастыруға икемді жандар тапшы. Тау-кен ісі, автоматтандыру және басқару, прибор жасау және жылу энергетикасы саласының мамандары да болашақтың мамандықтары саналады.

Қазіргі сәтте өнеркәсіпте кәсіби инженерлердің, орта топтың техникалық мамандары мен жетекшілерінің қатты жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе техникалық және экономикалық немесе заңдық білімнің үйлесімдігі, ағылшын немесе кез келген еуропалық тілді білу бағаланатын болады. Барлық өнеркәсіп салаласында инженер-маркетологтардың және менеджерлердің қажеттілігі артып келеді.

АТ және компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету

Ақпараттық технологияларды жетік меңгерген мамандарға деген сұраныс ешқашан толастамайды. Себебі барлық елдерде цифрландыру жүріп жатыр. Барлық қызмет түрлері енді электронды түрде көрсетілетін болады. Мысалы, қазір мекен-жай, сотталмағаны туралы анықтамаларды онлайн алып, тұрғылықты тіркеуге онлайн тұра аласыз. Сол үшін де бұл саланы меңгергендердің айы оңынан туа бермек. Қазіргі таңда бағдарлама жасаушылар мен веб-әрлеушілер- жоғары жалақылы мамандықтардың бірі.

Нанотехнологиялар

Бұдан кейінгі жарқын болашақтың біршама талап етілетін мамандықтары нанотехнологиялармен байланысты.

Нанотехнология – молекулалармен және атомдармен жұмысқа негізделген, біршама заттардың жасырын және бағалы қасиеттерін пайдаланатын технология. Оның биотехнология, наноөлшемдегі роботтарды жасау, сонымен қатар атомдық деңгейдегі инженерия деген үш үлкен саласы бар.

Биотехнология – биологиялық жүйелер мен олардың элементтерін пайдаланатын технологиялар. Ол қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында, молекулярлық медицинада, биофармацевтикалық өндірістерде және басқа салаларда қолданылады.

Электроника мен биотехнологияның түйіскен жеріндегі мамандықтар маманнан электроникада да, биоинженерияда да терең білімді талап етеді.

Сервиспен байланысты мамандықтар

Елімізде жыл сайын жаңа мейрамханалар, қонақ үйлер, демалыс орындары ашылып жатыр. Бұл – оған деген сұраныстың көрсеткіші. Демек, сапалы сервиске деген қажеттілік те арта түседі.

Логистика

Логист мамандығы қатаң шеңберде жұмыстан шаршаған, шаблондар мен берілген шектеулерді жақсы көрмейтіндер үшін оңтайлы. Логистке аналитикалық ақыл мен жүйелі ойлау, интуиция, қиын жағдайлардан тез шыға білу, адамдармен қарым-қатынас жасау дағдысы, тіл тапқыштық қажет. Сонымен бірге, математиканы, техниканы, қолданыстағы заңнаманы, бизнес процесстерін білуі керек. Табиғатынан ойыншы, тауарлар мен жүктерді шахмат тақтасындағы фигуралар сияқты жылжыта алатын адамдардан жақсы логист шығады.

Экология

Қоршаған ортаны сақтау мәселелері – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Атмосферадағы зиянды қалдықтардың өсуі, жаһандық жылынудың себебінен кәсіби экологтарға сұраныс арта береді.

Медицина мамандықтары

Бұл салаға сұраныстың неліктен төмендемейтінін түсіндіру де артық. Адам денсаулығына жауапты мамандарға тек уақыт талабына қарай бейімделіп, түрлі жаңа технологиялармен жұмыс істей алуы үшін біліктіліктерін арттыра беру керек.

Дәрігер – жауапкершілігі жоғары мамандық. Оның құны – адам денсаулығы. Сол үшін де тек ақ халат киіп жүруге қызығатындар және жауапкершілікті түсінбейтіндерге бұл салаға келудің қажеті жоқ.

Химия

Химиктер энергетика саласында сұранысқа ие. Олар энергияның баламалы көздерін тауып, қоршаған ортаны қорғаушыларға жәрдем бермек. Химия – инновация мен болашақтың ғылымы.

Тағам өнеркәсібі

Агроном және фермер мамандықтарын сарапшылардың басым бөлігі жойылып бара жатқан мамандықтар қатарына жатқызады. Әлемнің дамыған елдерінде кішігірім фермерлік шаруашылықтар 15 жылдан артық уақыт тұрақты түрде кедей болып келеді, негізінен мемлекеттік дотация есебінен күн көреді. Дегенмен таяу болашақта адамдар түрлі қоспалардан жасалған тағамға қарағанда, табиғи тағамдарды таңдайтын болады.

Қала құрылысы

Жер ауылдар емес, қалалар планетасы болып барады. БҰҰ ақпараты бойынша, 2009 жылы қалалықтар саны ауыл тұрғындарынан асып түсті. 2025 жылы қала халқының үлесі 77% дейін артады.

PricewaterhouseCooper’s деректері бойынша, 2005 жылы дүниежүзінің 100 ірі қаласы дүниежүзілік ЖІӨ-нің 25%-ін өндірді, 2008 жылы – 30%.

Бұл халық саны тез өсіп келе жатқан мегаполистерді жоспарлау, құру және қызмет көрсетуге қолайлы қалалық ортаны құра алатын мамандарға деген қажеттілікті арттырады.

Дереккөзі: https://baribar.kz/51801/11-synyp-oqushylaryna-qanday-mamandyqtargha-suranys-azaymaydy/