ҚР ҰБ курстары, 02.05.2024
RUB 4.74 (0.00)
EUR 474.14 (0.00)
USD 442.05 (0.00)

Қазақстандағы үздік ЖОО анықталды

2019 жылғы 27 мамыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Қазақстанның 2019 жылғы үздік жоғарғы оқу орындары» ұлттық рейтингінің сертификаттары табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық рейтингті Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік (IQAA-Ranking) жүргізген. Агенттік ұлттық рейтингке көрсетілген ақпараттың мектеп бітірген талапкерлер мен олардың ата-аналарына, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдар үшін тиімді екенін атап өтті.

«Біздің рейтинг жоғары оқу орындарына өз қызметтерін жақсартуға мүмкіндік береді. Себебі, біз зерттеудің нәтижесін жариялап қана қоймаймыз, әр индикатор бойынша университеттердің қай орында тұрғанын көрсете аламыз. Яғни, әрбір университет өз жұмысын өзге оқу орындарымен салыстырып, қай бағытта жұмыс істеу қажеттігін ұғынады. Осылайша, стратегиялық жоспарларына, дербес қызметтеріне өзгеріс енгізіп, ұлттық рейтинг нәтижесін жақсарта алады», - деді Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік президенті Шолпан Қаланова журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, келесі жылы ұлттық рейтинг құрамына жаңа көрсеткіштер қосылады.

«Қазір университеттердің әлеуметтік жауапкершілігін көтеруге ерекше мән беріліп отыр. Келесі жылы ұлттық рейтинг әдістемесіне кішігірім өзгеріс енгізіп, университеттердің әлеуметтік жауапкершілігін бағалайтын индикаторлар қосамыз. Бүгінде жаһандық үш рейтинг әлеуметтік жауапкершілік көрсеткішін қосып үлгерді. Және осы рейтингтердің нәтижесі бойынша, әлеуметтік жауапкершілік индикаторының университетті жергілікті дамытуға, студенттер мен цифрлық технологиялардың қоғам дамуына ықпал ететіні анықталды», - деді агенттік президенті.

Айта кетейік, Қазақстандағы ең үздік ЖОО-лардың ұлттық рейтингі 2008 жылдан бері өткізілуде. Биыл 11-ші ұлттық рейтинг өтті.

«Үздік көпсалалы университеттер» аталымы бойынша  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті көш бастады. Одан бөлек, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,  С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ұлттық рейтинг сертификаттарын алды.

«Үздік өнер ұжымдары» номинациясы бойынша Қазақ ұлттық өнер университеті мен Қазақ ұлттық Хореграфия академиясы үздік деп танылды.  «Үздік техникалық университеттер» аталымында 1, 2, 3 орындары Satpayev University жеңіп алды.  Төртінші орын Қазақ ұлттық аграрлық университетіне, бесінші орын - Алматы энергетика және байланыс университетіне берілді.

«Үздік гуманитарлық-экономикалық университеттер» аталымында бірінші орын КИМЭП, екінші орынды - «Қазтұтыну одағы» Қарағанды экономикалық университеті, үшінші орынды -  Алматы менеджмент университеті иеленді.

«Үздік медициналық мектеп» номинациясы бойынша, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Семей медициналық университеті озып шықты. «Үздік педагогикалық жоғары оқу орындары» бағытында бірінші орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, екінші орынды - Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және үшінші орынды - Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті алды.