ҚР ҰБ курстары, 21.06.2024
RUB 5.38 (-0.16)
EUR 493.06 (-1.08)
USD 459.6 (-0.15)

Мектептегі тамақтандыру. Қауесет пен шындық.

Мектептегі тамақтандыру. Қауесет пен шындық. 

Соңғы уақытта Қазақстандық интернет кеңістігінде біздің «Күнделік (Kundelik)» ЖШС мектептегі тамақтандыру саласындағы қызметіне қатысты түрлі шындыққа жанаспайтын ақпарат тарай бастады. Бұл біздің компаниямыз мектептегі тамақтандыруды қамтамасыз етушілерді бізбен келісімшарт жасасуға мәжбүрлеп, «нәтижесінде 400-ден астам мектепке қызмет көрсететін 117 кәсіпкер Күнделікке шамамен 9 миллион теңге төледі» деген жалған сандармен байланысты ақпараттың тарауына әкелді. Яғни, қауесетке сенсек, Kundelik порталы мәзірлерді тегін жариялау арқасында 9 млн. пайда тауыпты-мыс. 

 Аталған ақпарат шындыққа жанаспайды. «Күнделік (Kundelik)» ЖШС мектептегі тамақтандыруды қамтамасыз етуші ұйымдармен ешқандай келісім жасамайды, Kundelik порталында мектептегі ас мәзірі туралы ақпаратты жариялағаны үшін кәсіпкерлерден ақы алмайды, сондай-ақ «Күнделік (Kundelik)» ЖШС мектептегі тамақтандыруды қамтамасыз етуші кәсіпкерлерден 9 миллион теңге алмаған.

Компаниямыздың атынан «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығына аталған ақпаратты теріске шығаруды және «Күнделік» (Kundelik) ЖШС іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпараттың одан әрі таралуын тоқтатуды талап ететін ресми хаттар жолданды.

Еске сала кететін жайт, мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыру «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің қолданыстағы №598 бұйрығына сай жүргізіледі.  

105. Білім беруді басқару органдары және орта білім беру ұйымдары интернет-ресурста "Мектептік тамақтандыру" айдарын құрады, білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі ақпаратты (перспективалық, тағамдардың фотосуреті бар күн сайынғы мәзір, жұмыс жоспары, тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялардың, ведомствоаралық сараптамалық топтардың актілері) "Мектептік тамақтандыру" айдарында, сондай-ақ білім беру органдары мен ұйымдары пайдаланатын басқа да электрондық білім беру ресурстары мен жүйелерінде жүйелі орналастыруды қамтамасыз етеді.

Атап айтқанда, 105-тармаққа сай, білім беруді басқару органдары мен мектептер «Мектептегі тамақтандыру» айдарын құрып, жүйелі түрде қажетті ақпаратты интернет-ресурстарына жариялаумен қатар, білім беру органдары мен ұйымдары пайдаланатын басқа да электрондық білім беру ресурстары мен жүйелерінде жариялауды қамтамасыз етеді. Ал «Kundelik.kz» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі де, уәкілетті серіктестер де сондай ресурстар қатарына жататыны сөзсіз. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің мен жергілікті атқарушы органдардың – әкімдіктердің шешімдеріне сәйкес, 2023 жылы 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік көмек алатын отбасылардың ішінен 900 мыңға жуық бала жергілікті бюджетке бөлінген мемлекеттік қаржы есебінен  ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі тиіс. 

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы осы мақсатта 69 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалады деп жоспарланған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардан (көп балалы отбасылар, ХӘОТ) бөлек, 7 облыс (Астана, Шымкент, Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды ​​және Павлодар облыстары) 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыздандырған. Ақмола және Маңғыстау облыстарында тегін ыстық тамақ мемлекеттік мектептердің 1-сынып оқушылары ғана беріледі. Сондай-ақ 5-11 сынып оқушылары үшін мектеп асханасында оқушы не ата-ана есебінен қолма-қол және қолма-қол ақшасыз төлеу мүмкіндігі қарастырылған буфет жүйесі бойынша ақылы тамақтану ұсынылған. 

Қарапайым мысал келтірейік: «Kundelik.kz электронды журналдар мен күнделіктер жүйесі» ААЖ білім алушылар контингентінің мәліметтеріне сәйкес, тек Астана қаласы бойынша 1-4 сынып оқушыларының саны – 95 916 адам (2023 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша), осы оқушылардың бәрі тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазақстан Республикасының мектептеріндегі сабаққа қатысу статистикасына сәйкес, орташа есеппен күн сайын шамамен 2-3% оқушы ауруына байланысты немесе басқа себептермен сабаққа қатыспайды. Яғни Астанада күн сайын 1918-ге жуық оқушы бюджеттен төленген ыстық тамақты алмайды, ақшалай есептегенде, күніне шамамен 1 122 030 теңгені құрайды, айына (бір оқу айы 20 күннен тұрады, ал ыстық тамақтың құнын әр оқушы үшін 585 теңге деп есептегенде) 22 440 600 теңге шығады.

Тек Астана қаласының мектептерінде тамақтандыруды қамтамасыз етушілерге көрсетілмеген қызметтері үшін мемлекет есебінен төленентін ай сайынғы қаржы 22 миллион теңгеден асатыны анық! Қауесеттер мен ойдан шығарылған «фейк» жаңалықтарды қайталамай, тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар нақты осы мәселемен айналысуы керек шығар.

Мектептегі тамақтандыру қызметтерінің жоспарланған және нақты тұтынылған көлемдері арасындағы айқын алшақтық туралы мектеп қауымдастығымен қатар, 2023 жылдың қаңтар айында Астана қалалық мәслихаты мектеп оқушыларын тамақтандыруға бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану туралы мәселені көтерген болатын. Аталған факт ресми БАҚ-та жарияланды, алайда жағдайды түзету үшін қандай тиімді шаралар атқарылғанын ешкім білмейді.

Қорыта айтқанда, білім берудегі бизнес-процестердің бәрін цифрландыру ашықтықты арттырады, әсіресе, мемлекет қаражатын тиімді пайдалану бойынша нәтиже айқын көрінеді. Мұндай даму Қазақстанның білім беру нарығындағы қатысушының бәріне дерлік ұнамайтын шығар, бәлкім, біреулер «қор болмаймын десең, қымқыра бер» әдетін жалғастырғысы келетін шығар... Уәкілетті мемлекеттік органдар айқын заң бұзушылықтар мен сәйкессіздіктерге мән беріп, фейк жаңалықтарға уақыт пен күш құртпайды деп сенеміз.