Курсы НБ РК на сегодня, 31.10.2020
RUB 5.47 (+0.02)
EUR 505.02 (-1.77)
USD 432.64 (+0.41)

Мақта қыздың ата-анасы кім?

Ертегіні есіңе түсіріп жатырсың-ау...

Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде. Мақта қыз бен мысық өмір сүрген. Мысық, сүт, мейіз...  Осылай басталушы еді. «Ата-анасы туралы сөз қозғалмап еді ғой» деген боларсыз. Бұл да миыңа жақсы жаттығу болды деп ойлаймыз. 

Сонда қаршадай қыздың мысықпен ғана тұрған ба? Әлде мақта қыздың ата-анасы жұмыста болды ма? 

Сұрақтарды шегере тұр. Мұндайда керек- Сыни Ойлау! Сыни ойлау дегеніміз-кез-келген істе һәм осы тектес сұрақ кезінде аналитикалық ойлау, салыстыру яки тексеріс жасау. Сыни ойлау еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі адамға қажет. Себебі адамда осы бір қабілет дамымаса, ол қанша жерден сауатты болса да, діттеген мақсатына жете алмайды. Ақпараттық аласапыран кезінде, қажеттісін сұрыптай алмайды, ненің рас, ненің өтірік екенін ажырата алмайды. 

Сыни ойлаудың пайдасына жекелей тоқталсақ:

  • Қиын істің оңай шешімін табу
  • Барлық дүниеге жан-жақсы қарай алу 
  • Ақпаратты мұқият һәм толық түсіну
  • Шаруаны маңызды/маңызды емес критерийлер бойынша бөлу
  • Ешқандай қиындықсыз өз көзқарасыңды дәлелдеу
  • Сауатты аналитика жасау;

Аталған қабілеттер кім-кімге болсын керек: өмірге жеңіл қарай алу үшін, ешкімге есе жібермеу үшін. 

Көп жағдайда адам, өзінің сыни ойлау қабілетін шамадан артық бағалайды: «бәрінен көп білем, көп оқығам, көп көргем»-, дейді. Қоршаған ортасы оның ойымен келіспесе, бірден өзіне деген сенімділігін жоғалтады. Психологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, сыни ойлаудың дамымауы-адамды жүгенсіздік пен пессимизмге алып келеді. Көптің сөзін, өзінің жеке ойы мен ішкі сенімділіктен артық немесе жоғары қойған жан өзін жоғалтады. Өмірге деген құлшыныстан айырылады. Мұның алдын-алу мақсатында, әрбір ата-ана яки ұстаз баланың сыни ойлауын дамытуы қажет. Сыни ойлау деңгейі жоғары адам, өзінің кім екенін, қандай екенін басқа айтпай-ақ біледі. Мұндай жан нақты шешімдер қабылдай алады, қоғамдағы түйіткілді мәселелер төңірегінде өзіндік ой қалыптастыра алады. Белгілі бір ағымдардың, жеке тұлғалардың шырмауығына ілікпейді.

Сыни ойлауды дамыту үшін:

1. Фактіні қатқан қағида деп қабылдама

2. Мақсатыңды айқында

3. Фактілерді, деректерді зертте

4. «Менікі ғана дұрыс» деген ойдан аулақ бол

5. Проблеманы бірнеше бөлікке бөліп қарастыр

Жоғарыда аталған қабілеттерді арттыру үшін адам күнделікті өзін-өзі қамшылағаны абзал. Бар нәрсеге масаттанбай, білімі мен тәжірбиесін күнделікті дамытуды дағдыға алғаны шарт. Кез-келген ақпаратпен сауатты жұмыс істей алуы керек. Ол үшін мәліметті ішкі сүзгіден өткізіп, тексеріс жасайды. Мұнда да істің оңтайлы жолдарын қарастырады. Зерттеудің діттеген мақсаты айқын болса, сауатты талдау жасалып, меңгерілсе-сыни ойлау қабілетінің көрсеткіші артады.

Сыни ойлау тек жұмыс не болмаса оқу барысында ғана емес, өмір жолында қажетті қабілет. Әрбір шешімнің дұрыс, жан-жақты қарастырылып қабылданғанын қаласаңыз аталған кеңестерге назар аударыңыз. Тек қиялмен емес, аналитикалық ойлау жүйеңізді іске қосыңыз. Кез-келген жарнама адамның ішкі сезімімен ойнайды, осал тұсына бағытталады. Әсіресе санмен жұмыс істелгенде, пайыздық мөлшерлемелерді бұрмалау арқылы, ақиқаттан адастырады. 

Сыни ойлаудың алғышарты-адамның ішкі инстингті. Инстингтің дұрыс жол көрсетуі үшін, білімнің мықты болуы шарт. 

Бірі саған Мақта қыз-жетім деуі мүмкін, бірі оның ата-анасы бар екенін айтар. Көр, біл, тексер! 

Сұрақ сенің осы қағидаларыңыды ұмыттырмасын. Сәттілік!